10/06/2023
🏆 УЕФА Чемпиондар Лигасы. ФИНАЛ
🏴 «Манчестер Сити» – «Интер» 🇮🇹
🤔 Биылғы маусымда Чемпиондар Лигасының жеңімпазы қай команда болады?
⬇️ Пікір қалдырыңыз.
🇰🇿Қазақстандық спорт туралы арнасы
10/06/2023
🏆 УЕФА Чемпиондар Лигасы. ФИНАЛ
🏴 «Манчестер Сити» – «Интер» 🇮🇹
🤔 Биылғы маусымда Чемпиондар Лигасының жеңімпазы қай команда болады?
⬇️ Пікір қалдырыңыз.
01/04/2023
Олимпиада бағдарламасына енген күрестің барлық түрі бойынша әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына бес мәрте көтерілген елімізде екі-ақ балуан бар. Алғашқысы – Валерий Резанцев. Даңқты жерлесіміз өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдені бес рет олжалады. Екіншісі – Алмат Кебісбаев. Грек-рим күресін серік еткен қандасымыздың еншісінде дүниежүзілік доданың бір күмісі мен төрт қоласы бар. Одан бөлек, Алмат Азия ойындары (1 күміс, 1 қола), Азия чемпионаты (2 алтын, 3 күміс) және Дүниежүзілік Универсиадада (1 күміс) атой салды. Балуанның жасы 35-тен асса да, ол бозкілеммен әлі де қош айтысқан жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміздің басты мақсаты – Париж Олимпиадасында жеңіске жету.
Сол кезде қатты жарақаттанғаным рас. Бір сағаттан кейін қола медаль үшін күресуім керек болды. Бастапқыда бапкерлер мен дәрігерлер рұқсат бермеді. Бірақ мен «барлық жауапкершілікті өзіме аламын» деп қолхат жазып беріп, бозкілемге шықтым. Ақырында қарсыласымды сан соқтырып, қола медальды мойныма ілдім.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
01/04/2023
Ауыр атлетикадан Албанияның Дуррес қаласында жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақ елінің әнұраны шырқалды.
Аталған жарыста 73 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Ерасыл Сәулебеков 137 килоны жұлқып, 168 килоны серпе көтерді. Сөйтіп қандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 305 килолық көрсеткішпен бас жүлдені жеңіп алды. Әзербайжандық Равин Алмамадов (303 кило) күміс, ал оңтүстіккореялық Пак Жу Хьон (289 кило) қола медаль иеленді.
Дәл сол күні өнер көрсеткен тағы бір зілтеміршіміз Дарья Балабюк (55 кило) жұлқып көтеру жаттығуында қола жүлдені еншілегенімен, қоссайыста төртінші орында қалып қойды.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
01/04/2023
АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалда ол италиялық Мартина Тревизианмен шеберлік байқасты. Бұл күндері әлемдік рейтингте 24-орында тұрған 29 жастағы Флоренция тумасының ең зор табысы – былтыр Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетуі. Одан басқа бағындырған пәлендей белестері жоқ. Соған қарамастан Майамиде ол жапониялық Нао Хибино, америкалық Клэй Лю және эстониялық Елена Остапенконы жеңіп, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Десек те бұл межеде Тревезиан Рыбакинаға лайықты қарсылық көрсете алмады. Апеннин түбегі өкілін 6:3, 6:0 есебімен ойсырата ұтқан жерлесіміз жартылай финалға шықты.
Сөйтіп, WTA турнирлерінде қатарынан 12 рет жеңіске жеткен Елена Рыбакина өзінің рекордын жаңартты. Енді ол жартылай финалда америкалық Джессика Пегуламен күш сынасады.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
31/03/2023
9 сәуірде Астанада шымылдығы түрілетін Азия чемпионатына орай біз бұған дейін грек-рим күресі жайында («Азияның мықтылары Астанада анықталады». «Egemen Qazaqstan», 17 наурыз 2023 жыл) біраз әңгіме қозғаған едік. Енді еркін күреске тоқталуды жөн көріп отырмыз. Спорттың бұл түрінен құрлық біріншілігінің тұсауы 1979 жылы Үндістанның Джаландхар қаласында кесілді. Сол кезден бері 35 жарыстың жалауы желбіреді. Соның 27-сінде Қазақстан құрамасы бақ сынады.
Еркін күрестен өткен Азия чемпионаттарында ең керемет көрсеткішке қол жеткізген Иран құрамасы. Парсы елінің пехлевандары сол 35 жарыстың 29-ында жалпыкомандалық есепте бас жүлдені олжалады. Үш додада Өзбекстан (1999, 2011 және 2018 жылдары) озса, Қазақстан (2006) мен Үндістанның (2013) бір-бір реттен асығы алшысынан түсті.
Жалғасы: https://t.me/berenlive
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
31/03/2023
Таяуда ғана Атырауда өткен Mergen Fighting Championship 4 турнирінде өзбекстандық Бобур Абдулазизовты екінші раундта қылқындырып тастаған Қуат «Найман» Хамитов Әзербайжанның ең мықты файтерлерінің бірі Нариман Аббасовты жекпе-жекке шақырды.
Дәл сол 29 жастағы Қап тауының қыраны осыдан төрт жыл бұрын Мәскеуде жалауы желбіреген Fight Nights Global 93 жарысында Хамитовты ұпай санымен ұтқан еді. Жалпы, бұл спортшы аралас жекпе-жекті серік еткелі 10 жылдан аса уақыт өтті. Сол аралықта Аббасов 32 кездесу өткізіп, 28 рет жеңіске жетті. 17 бәсекеде айқын басымдық танытты. Ол тек 2014 жылы Ибрагим Тибилов (сабмишн) пен Шота Ахулашвили (ұпаймен), 2016 жылы Магомедсайгид Алибеков (ұпаймен) және 2022 жылы Исмаэль Бонфимге (ұпаймен) ғана есе жіберді. Әсіресе, 2017-2022 жылдар Нариман үшін өте табысты болды.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
31/03/2023
Бұл күндері Албанияның Дуррес қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстанның қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Аталған жарысқа біздің елден барлығы 11 спортшы барған еді. Солардың арасынан Нұрасыл Арапбай тәуір өнер көрсетті. 67 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол жұлқып көтеруде қола медаль иеленді. Бірақ қоссайыстың қорытындысы бойынша Нұрасыл 266 килолық (120+146) көрсеткішпен жүлдегерлер қатарынан көріне алмай, төртінші орында қалып қойды.
Дуррестегі додада кеше Ерасыл Сәулебеков (73 кило) пен Алтынай Тәңірбергенова (59 кило) өнер көрсетті. Ал барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі 1 сәуірде белгілі болады.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
31/03/2023
Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан жүлде қоры 8 800 000 долларды құрайтын WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Төртінші кезеңде Рыбакина Элизе Мертенспен кездесті. Қазіргі кезде бельгиялық теннисші WTA рейтингінде 39 орында тұрғанымен, кезінде 12 сатыға дейін көтерілген. Хамонт-Ахельдің тумасы 2018 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнаса, 2019 және 2020 жылдары US open додасының ширек финалына дейін жетті. WTA турнирлерін ол жеті рет ұтты. Бұл бәсекені өз пайдасына шешу жерлесімізге айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ. 1 сағат 46 минутқа созылған сайыста Елена 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Сөйтіп, өз мансабында тұңғыш рет Майамидегі турнирдің ширек финалына дейін жеткен Елена Рыбакина осы межеде әлемдік рейтингте 24 сатыға жайғасқан италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасады.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары
30/03/2023
7-9 сәуір аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогі өтеді.
Аталған жарыс әйгілі спорт функционері Бекет Махмұтовты еске түсіруге арналып отыр. Кезінде бұл азамат Қазақстан боксын орасан зор биікке көтерді. Сол кісінің басшылығымен отандық былғары қолғап шеберлері Олимпия ойындары мен әлем чемпионаты, Азия ойындары және басқа да көптеген аса ірі халықаралық додада жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен республикалық дзюдо федерациясының тізгінін ұстап, күрестің бұл түрінің өркендеуіне де өлшеусіз еңбек сіңірді. Осыдан үш жыл бұрын ол ұзаққа созылған науқастан кейін 81 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысқан еді.
Толығырақ: https://t.me/berenlive
30/03/2023
Былтыр Лондонда өткен Уимблдон додасында бас жүлдені олжалаған Қазақстанның ең мықты теннисшісі Елена Рыбакина сол жарыста жеңіп алған сыйақысының біраз бөлігін еліміздің дарынды жастарын қолдауға жұмасайтынын жария еткен еді.
Тұманды Альбион еліндегі толағай табысынан кейін Елена Рыбакина «Кезінде мені Қазақстан қатты қолдады. Соның қайтарымы болуы керек. Менің ендігі міндетім – дарынды жастарға барынша қолдау көрсету. Сол үшін жас өрендерге арнап турнир ұйымдастыруды немесе қаржылай көмек көрсетуді көздеп отырмын», деп тебірене сөйлеген еді.
Толығырақ: https://t.me/berenlive
30/03/2023
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC-дің кезекті жарысында айқын жеңіске қол жеткізген Шавқат Рахмонов елге оралғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында келесі жолы кімдермен күш сынасуы мүмкін және алдағы уақытта кімдермен жұдырықтасқысы келетінін жария етті. Қазақтың қайсар ұлы АҚШ-тың қос мықтысы – Колби Ковингтон мен Белал Мұхаммадтың есімдерін атады.
Жоғарыда есімдері аталған жігіттердің екеуі де өте қарулы. Колби Ковингтон жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген файтерлердің рейтингінде екінші орында тұр. 35 жастағы Калифорния штатының тумасы бозбала шағынан бозкілемде тер төкті. Студенттер арасындағы жарыстарда сан мәрте жүлделі орындарды иеленді. 2012 жылдан бері аралас жекпе-жектен өтетін дүбірлі додаларға қатыса бастады. Бастапқы сегіз бәсекесінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты.
Толығырақ: https://t.me/berenlive
29/03/2023
Ресейдің Самара қаласында аралас жекпе-жектен «Ural Fighting Championship 2» турнирі өтті.
Аталған жарыстың басты жекпе-жектерінің бірінде Дәурен Ермеков өнер көрсетті. Орта салмақта күш сынасып жүрген 35 жастағы қазақ файтері 2012 жылдан бері осы спорт түрін серік етіп келеді. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ол Самарада Гамзат Хирамагомедовпен айқасты. 29 жастағы Нальчиктің тумасы 11 бәсекенің тек екеуінде ғана ұтылған. Жеті жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Осыған дейін бұл спортшылар екі мәрте кездесті. 2015 жылы әуесқойлар арасында өткен турнирде Гамзат ұпай санымен жеңіске жетсе, былтыр жазда Ақтауда Дәурен оны айқын басымдықпен ұтты.
Самарадағы сайыс қандасымыздың жеңісімен аяқталды. Бәсекенің екінші кезеңінде ол Хирмагомедовті «қылқындыру» әдісімен жеңді.
#берен #спорт #қазақстан #спортжаңалықтары