22/03/2026
Құрметті отандастар, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл жарқын мереке әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-ынтымақ, молшылық пен қуаныш әкелсін. Ұлт рухын асқақтатып, дәстүрімізді дәріптеген әз-Наурыз ел бірлігін нығайтып, әр отбасыға амандық, денсаулық және бақ-береке сыйласын.
Жақындарыңыз аман, жұмыстарыңыз жемісті болсын деп тілейміз! Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Qazaq Kuresi Ассоциациясы.
07/03/2026
Құрметті арулар, қадірлі аналар мен әпке-қарындастар!
Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 🌷
Qazaq Kuresi Ассоциациясы атынан баршаңызға зор денсаулық, отбасы амандығын, бақыт пен береке тілейміз. Сіздер өмірдің шуағы, отбасының тірегі, қоғамның көркісіздер. Сіздердің мейірімдеріңіз бен даналықтарыңыз әр шаңыраққа жылулық пен қуаныш сыйлайды.
Қазақтың төл күресі – қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген барша қыз-келіншектерге ерекше алғыс білдіреміз. Спорттағы табандылықтарыңыз бен қайсарлықтарыңыз көптеген жас буынға үлгі болуда.
Әрдайым жүздеріңізден күлкі кетпей, жүректеріңіз қуанышқа толы болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын! 🌸
Ізгі тілекпен,
Qazaq Kuresi Ассоциациясы
19/02/2026
Құрметті мұсылман қауым, қадірлі отандастар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, мейірім мен кешірімге, сабыр мен шүкірге үндейтін берекелі ай. Бұл айда мұсылман баласы рухани тазарып, ізгі амалдарға ұмтылады, иманын күшейтіп, сауапқа кенеледі. Ислам дінінің бес парызының бірі – ораза ұстау да осы қасиетті айда парыз етілген.
Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл етсін! Әр шаңыраққа амандық, жүректерге иман нұрын, өмірлеріңізге береке мен тыныштық нәсіп етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыздың мәртебесі биіктеп, бірлігіміз бен ынтымағымыз нығая берсін!
Ізгі тілекпен,
Qazaq Kuresi Ассоциациясы.
15/02/2026
📣Жапонияда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл қазақстандық спортшылармен және жас балуандармен жүздесті.🇰🇿
🔵Кездесуге қазақ күресінің түйе балуандары мен Qazaqstan Barysy турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері – Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдо құрамасының спортшылары қатысты.
🔴Шара барысында жас балуандар қадірменді қонаққа төл күресімізідң әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен қазақ күресінің үндестігін паш етті. Ерсін Балтағұл өз кезегінде сумода жиі қолданатын әдістерін таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.
💬Кәсіпқой спорттағы табысымның кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Мен қазақ күресі мен дзюдо мектебінен қалыптастым. Жапондарда «Ондуошин и» деген ұғым бар, яғни залдың рухын сезіну. Мен де кілем мен залдың тынысын сезінуді төл күресіміздің мектебінен үйрендім. Бұған мысал келтіретін болсам, мен сумо белдесулерінде қазақ күресінің «Жамбас» әдісін жиі қолданамын, – деді спортшы.
🔵Шара соңында Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов Ерсін Балтағұлға құрмет көрсетіп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, естелік кәдесый табыстады.
🔴Бұл кездесу жас спортшылар үшін үлкен мотивация әрі ұлттық рух пен халықаралық тәжірибенің тоғысқан тағылымды сәті болды.👏🏻✊🏻
03/02/2026
Құрметті достар! Бүгін Qazaq Kuresi Ассоциациясы Исламабад қаласында жаңадан құрылған Пәкістанның Qazaq Kuresi федерациясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Федерацияны Пәкістан армиясының Спорт және дене даярлығы басқармасының басшысы, генерал-майор Адил Рехмани мырзаның басқаруы қазақ күресінің мемлекет деңгейінде қолдау тауып отырғанының айқын дәлелі. Бұл шешім біздің төл спортымыздың Оңтүстік Азия аймағында қарқынды дамуына қарқын берері сөзсіз.
Бүгін қол қойылатын меморандум жай ғана құжат емес. Бұл – сенімнің, серіктестіктің және ортақ құндылықтардың белгісі. Осы келісім арқылы қазақстандық Qazaq Kuresi Ассоциациясы мен Пәкістанның Qazaq Kuresi федерациясы ұзақ мерзімді, жүйелі әрі стратегиялық әріптестікті бастайды.
Сөйтіп, үлкен отбасымызға Пәкістан қосылды. Біз бұл серіктестіктің тек спортқа емес, халықтар достығына қызмет ететініне сенеміз.
23/01/2026
Т А Ғ А Й Ы Н Д А У ! ! !
Мейіржан Берекетов Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры болып тағайындалды!
Мейіржан Берекетов 1996 жылғы 17 наурыз күні Абай облысында дүниеге келген. Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тамамдаған.
Еңбек жолын 2018 жылы спорт саласында бастады.
2018-2025 жылдары – Петропавл қаласындағы «Қызылжар Арландары» спорт клубының спортшысы;
2022-2025 жылдары – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының жаттықтырушы-оқытушысы;
2022-2025 жылдары – Qazaq Kuresi Ассоциациясының спорт менеджері;
Мейіржан Берекетов қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының (І орын, Астана қ., 2024 ж.) және Әлем чемпионатының (І орын, Дели, Үндістан, 2025 ж.) жеңімпазы.
Қазақ күресін дамытуға сіңірген еңбегі ескеріліп, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Qazaq Kuresi Ассоциациясының ұжымы Мейіржан Берекетовты жаңа қызметімен шын жүректен құттықтайды!
15/01/2026
Қазақ күресінің құрметіне арналған жаңа коллекциялық монеталар сатылымда!
Ұлттық Банк "Қазақстанның салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары" монеталар сериясынан QAZAQ KÚRESI жаңа коллекциялық монеталарын шығарғанын мәлімдеді.
"Қазақ күресі – қазақтың дәстүрлі ұлттық спорт түрі. Қазақ күресінде екі қарсыластың мықтылығы күшпен, ептілікпен және төзімділікпен өлшенеді. Жекпе-жектің бұл түрі ғасырлар бойы қалыптасқан және қазақ мәдениеті мен спорттық мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны бойынша қабылдануға, елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады", – деп хабарлады Ұлттық реттеуші.
Күміс пен мельхиордан жасалған монеталардың номиналы - 200 және 1000 теңге, олар Қазақстан теңге сарайында жасалған.
Коллекциялық монеталарды Ұлттық Банктің интернет-дүкені арқылы 2025 жылғы 17 желтоқсаннан бастап сатып алуға болады.
31/12/2025
Құрметті достар, қазақ күресінің жанашырлары, спортсүйер қауым!
Келіп жеткен Жаңа жыл құтты болсын!
Жылқы жылы әр шаңыраққа қуаныш пен береке, амандық пен шаттық әкелсін. Жаңа жылда алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға татулық, ел-жұртқа тыныштық тілейміз!
Әр күн игі істерге, жарқын жаңалықтарға толы болғай!
Игі ниетпен,
Qazaq Kuresi Ассоциациясы.